Тәртіпке бағынбағандар заң алдында жауап берді
Қостанайда жол қозғалысы ережесін бұзып, қоғамдық тәртіпті пысқырмаған бірнеше азамат анықталып, жазаға тартылды.
29 қыркүйекте полиция қызметкерлері 27 жастағы әйелдің мас күйде көлік тізгіндеп жүргенін әшкереледі. Тексеру барысында оның бұған дейін де көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Заңды бұзған жүргізушіге қатысты бұл жолы қылмыстық іс қозғалды. Ал тағы бір тұрғын көшенің қақ ортасында дрифт жасаған. Жол қауіпсіздігіне қатер төндірген 21 жастағы тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 15 тәулікке қамалды. Бұдан бөлек, қоғамдық орынды ластағандар да жазадан сытылып кете алмады. 43 жастағы азамат мас күйінде темекі шегіп, тұқылын жерге лақтырғаны үшін оған сот шешімімен 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Полиция өкілдері әрбір заң бұзушылық бойынша тиісті шара қолданылғанын хабарлайды. Құқық қорғау органдары заң талаптарын қатаң сақтау керектігін тағы бір мәрте ескертеді. Сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаты барша азаматқа ортақ екенін қаперге салды.