«Озат» оқушыларының озық жобалары
Олар — облыстық, республикалық және халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. "Озат" мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицейі-интернатының экобелсенді оқушылары бірнеше жыл қатарынан қоршаған ортаны қорғауға бағытталған тың идеяларын жүзеге асырып келеді. Мұнда биология кабинеті жай ғана сабақ өтетін орын емес. Себебі жас зерттеушілер үшін бұл — экологиялық мәселелердің шешімін іздейтін шағын зертхана. Қазір үстел үстіндегі шағын макет — Тобыл өзенін тазартуға бағытталған жобаның алғашқы нұсқасы. Оқушылар оны жетілдіріп, өзен суын тазартуға мүмкіндік беретін толыққанды құрылғыға айналдыруды жопарлап отыр.Экология клубындағы қыздар да зерттеу жұмыстарын бірнеше бағытқа бөліп жүргізеді. Бірі өсімдіктердің оттегі мен көмірқышқыл газын бөлу үрдісін, енді бірі дақылдарды экологиялық әдіспен өсіру жолдарын зерттейді. Ал Мирас Қанат бұл өсімдіктерді өсіру үшін органикалық тынайықыштарды өндіру тәсілдерін зерделеп жүр.Оқушылардың экологияға қызығушылығы ең алдымен мұғалімнің қолдауынан басталады. Ұстаздары Жұлдызай Серікқызы балаларды тек теориямен шектемей, сабақтан тыс тәжірибе жасап, өз идеяларын сынап көруге де ынталандырады.Жас зерттеушілердің еңбегі байқауларда жоғары бағаланып жүр. Өз жобаларын жүзеге асыруға өрендер алғашқы қаржыларын алып та үлгерген. Мәселен, Тобыл өзенін тазартуға арналған құрылғы жобасы 126 мың теңге көлемінде қолдауға ие болды. Ендігі міндет — идеяны жетілдіріп, оны нақты іске айналдыру. Экологиялық бастамалар туралы толығырақ білгіңіз келсе, Qostanai телеарнасының «Таза Лайк» бағдарламасын тамашалаңыздар.