Негізгі Жаңалықтар Бидай бағасы былтырғы деңгейде қалады

Бидай бағасы былтырғы деңгейде қалады

Үкімет биылғы астық сатып алу бағасын белгіледі. Бұл туралы Арқалықта шаруалармен кездескен ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзінше, 3-сыныпты бидайдың бір тоннасы сапасына қарай 92 мыңнан 115 мың теңгеге дейін бағаланады. Яғни, баға былтырғы деңгейде сақталады. Шаруаларға астықты алдын ала және тікелей сатып алу арқылы қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар астықты шетелге шығаратын кәсіпкерлердің тасымал шығынын өтеу бағдарламасы тағы бір жылға ұзартылмақ. Кездесуде мал шаруашылығы да сөз болды. Фермерлер жайылымдарды суландыру және малға арналған нысандар салу мәселесін көтерді. Сондай-ақ асыл тұқымды малдың бағасы қымбаттап кеткенін айтып, оны сатып алуға берілетін жеңілдетілген несие шарттарын қайта қарауды ұсынды. Арқалықта мал шаруашылығын дамытуға арналған жаңа жобалар да қолға алынбақ. Атап айтқанда, эмбрион өндіретін орталық пен мал тасымалдайтын логистикалық хаб құру жоспары бар.


Бөлісу