Облыста 71 млрд теңгеге астық өңдеу зауыты салынады.
Өңірде биылғы егін жинау науқанының 84 пайызы орындалды. Қазіргі уақытта 3 миллион 390 мың гектар алқаптағы астық бастырылды. Орташа өнімділік гектарына 13,6 центнерді құрайды. Майлы дақылдарды жинау жұмыстары да жалғасып жатыр. Сонымен қатар келесі жылға қажетті тұқым қоры дайындалған. Егін жинау жұмыстарын жүргізуге биыл 151 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есе көп. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мақсатында 46,6 миллиард теңгеге 428 трактор мен 235 комбайн сатып алынған. Өнімді сақтау үшін облыста жалпы сыйымдылығы 8,3 миллион тонна болатын қоймалар бар. Сондай-ақ астықты кептіруге арналған 416 агрегат жұмыс істеп жатыр. Облыс әкімдігінің мәліметінше, қолданыстағы сақтау және өңдеу қуаттары биыл жиналатын өнімді толық орналастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңірде астықты терең өңдейтін жаңа зауыт салу жоспарланған. Жобаның құны – 71,1 миллиард теңге. Кәсіпорын жылына 415 мың тонна астықты терең өңдей алады.