Негізгі Жаңалықтар Қарттар күніне орай ардагерге құрмет көрсетілді

Қарттар күніне орай ардагерге құрмет көрсетілді

1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл дата – ғибратты ғұмыр иелеріне құрмет көрсетіп, олардың жүріп өткен жолына тағзым ететін ерекше күн. Осыған орай «Қазсушар» мекемесінің Қостанай филиалының ұжымы су шаруашылығы саласына сан жылын арнаған ардагер Ғайыпназар Қойшыұлын арнайы құттықтады. Еңбек жолын қарапайым инженерден бастап, облыстың су ресурстары саласын басқарған маманның есімі бұл салада әлі де үлкен құрметпен аталады. Ғайыпназар Қойшыұлының еңбек жолы су шаруашылығымен біте қайнасты. Жауапты қызметтер атқарып, өңірдегі су жүйелерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге үлес қосты. Оның кәсіби тәжірибесі ел аумағынан тыс жерде де қажетке жарап, Кеңес дәуірінде Йеменге барып, жергілікті мамандарды оқытуға қатысты. Ардагердің бар ғұмыры су шаруашылығымен сабақтас. Сан жылдық тәжірибесі кейінгі буынға өнеге боп, «Қазсушар» ұжымы аға буын қалыптастырған игі дәстүрді жалғастырып келеді. Арада жылдар өтсе де, ардагер еңбегінің ізі сайрап тұр. Мыңдаған шақырымға созылған су құбырлары, ел игілігіне қызмет етіп тұрған су нысандары – бір кездері осы салада еңбек еткен мамандардың маңдай терінің нәтижесі. Ал ардагерлер үшін ең үлкен марапат – еңбегінің ел игілігіне қызмет етіп тұрғанын көру.

Бөлісу