Ұлттық әуен жаңа форматта
Домбыра, қобыз сынды ұлттық аспаптардың үні заманауи музыканың ырғағымен астасты. «Folk Show» концерттік жобасы көрерменге ерекше форматтағы музыкалық кеш ұсынды. Сахнада қазақтың дәстүрлі ән-күйлерімен қатар, көпшілікке таныс рок, поп композициялар мен танымал фильмдерден алынған әуендер орындалды.
Ұлттық музыканы тыңдарманға жаңа қырынан жеткізу идеясы «Folk Show» жобасының негізіне айналған. Бағдарлама авторы әрі дирижер Әділет Әзбаев дәстүрлі аспаптардың сахнадағы қолданыс аясын кеңейтіп, түрлі музыкалық бағыттарды бір бағдарламаға біріктірген.