Бір дәуір жасаған білім ошағы
Жангелдин ауданына қарасты Жаркөл ауылындағы Қаратүбек орта мектебіне биыл 100 жыл. Бір ғасыр бұрын білім нәрімен сусындаған алғашқы шәкірттерден басталған оқу ордасы бүгінде талай буынның алтын ұясына айналған. Дәуірлік мерейтойға орай мектеп ұжымы, ардагер ұстаздар мен түлектер бас қосып, өткенді еске алып, бүгінгі күнді бағамдап, келешекке көз тікті. Мерейтойдың алғашқы тағылымды сәті білім ошағының іргесі қаланған тарихи мекеннен басталды.Қаратүбек мектебі 1926 жылы ашылып, ауыл балаларының сауатын ашуға мүмкіндік туды. Уақыт өте білім ордасы талай өзгерісті бастан өткерді. Бірақ оның басты мақсаты ұрпаққа білім беру міндеті ешқашан өзгерген жоқ. Сондықтан мерейтойдың алғашқы іс-шарасы мектеп тарихының бастау алған жерінде өтуі бекер емес. Ал бір ғасыр бұрынғы қарапайым мектеп пен бүгінгі білім ордасының айырмасы жер мен көктей. Қаратүбек орта мектебі қазір уақыт талабына сай жабдықталған кабинеттерімен, жаңартылған мәжіліс залымен ерекшеленеді. Мерейтой аясында қонақтар мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, алтын ұяларын аралады. Мектептің ғасырға жуық тарихы ұстаздар мен шәкірттердің тағдырымен тығыз байланысты. Осы жылдар ішінде білім ордасында талай ұстаз еңбек етіп, жас ұрпаққа жол сілтеді. Мерейтой аясында ұзақ жыл еңбек еткен мұғалымдер есімімен аталған кабинеттер ашылды. Солардың бірі ұлағатты ұстаз Қали Мақатов атында. Ашылу рәсіміне оның ұрпақтары қатысып, лента қиды. Ал кешкі салтанатты жиында мектептің дамуына үлес қосқан ұстаздар мен демеушілер марапатталды. Осылайша бір ғасырлық тарихы бар білім ордасының мерейтойы өткенді ұлықтап, бүгінді бағалайтын, елді ортақ мұратқа біріктірген айтулы шараға айналды.