Негізгі Жаңалықтар Өзгеріс бар, өндіріс керек

Өзгеріс бар, өндіріс керек

Арқалықта облыс әкімінің тұрғындармен кездесуінде қаланың бүгінгі ахуалы мен алдағы дамуы әңгіме арқауы болды. Тұрғындар көкейдегі мәселелерін ашық айтып, қаладағы абаттандырудан бастап, жаңа нысандарға дейінгі өзекті сұрақтарды ортаға салды. Жауапты мамандар да бірқатар мәселеге қатысты түсініктеме берді. Облыс әкімінің Арқалық тұрғындарымен кездесуінде қала тазалығы мен көгалдандыру мәселесі сөз болды. Тұрғындардың бірі бюджет қаржысына ағаш көшеттері отырғызылғанымен, олардың барлығы бірдей жерсініп, жайқалып өспейтінін айтты. Оған Арқалықтың топырақ ерекшелігі себеп болуы мүмкін. Сондықтан жасыл желекті көбейтумен қатар, жергілікті жердің жағдайына бейім ағаш түрлерін таңдау маңызды.

Жиында Камыши кентінің тұрғыны да өз мәселесін көтерді. Оның айтуынша, елді мекенге осыдан екі ай бұрын телемұнара орнатылған. Тұрғын мұнара қойылғаннан кейін кейбір адамдардың басы ауыра бастағанын айтып, оны елді мекеннің сыртына орналастыруға болмас па еді деген наразылығын білдірді.

Биыл Арқалық қаласы өзінің 70 жылдық мерейтойын тойлады. Қаланы көркейту үшін үлкен қаражат та бөлінді. Жол жөнделді. Үйлердің сырты қалыпқа келтірілді. Шатырлар жаңартылды. Әлеуметтік нысандар да жаңа келбетке ие болды. Жаңарған қалада жаңа өндірістер бой көтеріп, тұрақты жұмыс орындары көбейсе деген тілек бар. Тұрғындардың айтуынша, Арқалықтың өндірістік тарихы мұндай мүмкіндіктің барын көрсетеді. Арқалықта атқарылған жұмыс аз емес. Алайда тұрғындар үшін қаланың сыртқы келбетін жаңартумен қатар, оның экономикалық әлеуетін күшейту де маңызды. Кездесуде айтылған ұсыныстардың өзегі де осыған келіп тіреледі. 

Бөлісу