Амангелділіктер айтқан арыз
Амангелді тұрғындарының айтары аз емес. Облыс әкімімен кездесу барысында ауылдағы қордаланған мәселелер ашық талқыланды. Игерілмей жатқан жерлер, дәрігерсіз қалған амбулатория, су шайып кеткен бөгет, жиі үзілетін электр жарығы - тұрғындар осы мәселелердің шешімін сұрады. Әкімдік өкілдері әр мәселе бойынша жауап беріп, басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Оңтүстік аудандардың топырағы облыстың солтүстігіндегідей құнарлы емес. Құрғақ климат, жауын-шашынның аздығы да өнімнің көлемі мен сапасына әсер етеді. Сондықтан, бұл аумақтарда егінге қарағанда, мал шаруашылығымен айналысу тииімдірек. Амангелдідегі кездесу осы тақырыптан басталды. Арман Әбеновтың айтуынша, Жангелдин ауданында 2 млннан астам, Амангелдіде 1 млндай, ал Арқалықта 450 мың гектар жер бос жатыр. Бәрін қосса, 3,5 млн гектар. Оны игеру қажет. Өңір басшысының орынбасары осы бағыттағы «Жайлау» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аймаққа биыл 15 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.