Негізгі Жаңалықтар Өнері ортақ, мақсаты бір жастар

Өнері ортақ, мақсаты бір жастар

Өнердің тілі – ортақ, ал оның өзегі – бірлік. Қостанай облысында жастардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттырып, кітап оқу мәдениеті мен шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өтті. Биылғы байқауда өңірдің әр түкпірінен келген жүзге жуық түрлі этнос өкілі өз өнерін ортаға салды. Биылғы байқау екі бағытты қамтыды. Қатысушылардың бірі – ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын мәнерлеп оқып, ақын жырларының мазмұны мен көркемдігін жеткізсе, енді бірі дәстүрлі қазақ және классикалық шығармаларды орындап, музыкалық қабілетін танытты. Осылайша, сахнада өнер мен мемлекеттік тіл тоғысып, жас қатысушылар өз шеберліктерін сынады. Жобаға қатысушылардың қазақ тіліне деген қызығушылығы әртүрлі жолмен қалыптасқан. Кэтрин Майер үшін мемлекеттік тіл мен музыка сабақтас. Қазақ тілін бала кезінен меңгерген жас әнші оны бүгінде шығармашылығымен ұштастырып жүр. Ал Софья Полякова қазақ тілін тарих пен мәдениеттің айнасы деп біледі. Домбыраға деген қызығушылығы да тіл үйренуіне ықпал еткен.Қазақ тілін ән арқылы меңгеріп жүргендердің бірі – Станислава Мельник. Ол тілді мектептен бастап үйреніп, кейін қазақша әндерді орындау арқылы сөздік қорын жетілдірген. «Мың бала» жобасына биыл алғаш рет қатысып отыр. Байқаудың географиясы да кеңейіп келеді. Биыл облыстың барлық дерлік өңірінен жүзге жуық түрлі этнос өкілі қатысып, өнері мен шығармашылық қабілетін ортаға салды. Сайысқа қатысушылардың көптігі де мемлекеттік тіл мен ұлттық өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңғартады. 

Бөлісу