Қоғамдық қабылдауда көтерілген мәселе көп
Ауылдағы ағайынның айтары аз емес. Әлеуметтік нысандар, жол инфрақұрылымы, дәріхана тапшылығы мен шағын елді мекендердің болашағы – ауыл халқын алаңдататын негізгі мәселелер. Осыған орай, Алтынсарин ауданының әр елді мекенінен келген тұрғындар «Әділет» партиясының республикалық мобильді қоғамдық қабылдауына жиналды. Кездесудің басты мақсаты – айтылған мәселелерді тыңдап, оларды шешудің нақты жолдарын қарастыру.
Іс-шараға республикалық қоғамдық қабылдау өкілдерімен бірге облыстық басқармалардың мамандары, аудандық әкімдік өкілдері, депутаттар және бірқатар мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты. Сондықтан аудан тұрғындары бірнеше мекемеге сабылмай, қажетті маманмен бір жерде тілдесіп, сауалына жауап алды.