Жыл басынан бері алаяқтар 800-ден астам адамды алдаған
Қостанай облысында Полиция департаменті арнайы жүйе арқылы күмәнді телефон соғушылар мен хабарлама жіберушілерді бақылауға алды. Жарты жыл бұрын іске қосылған бағдарлама арқасында тәртіп сақшылары күніне 150-ге жуық қоңырауды бұғаттайды.
Адамдар өмір бойы жиғанын әп-сәтте жоғалтқанын ұққанда соңғы үмітін арқалып, осы жерге қоңырау шалады. Алайда көп жағдайда қолды болған қаржыны қайтару мүмкін емес. Сондай айланың құрбаны бола жаздаған Қостанай қаласының тұрғыны полиция бөлімшесіне бірден өзі келген. Айтуынша, біреулер оған электр маманымыз деп хабарласып, құпия кодты сұрап алған.
Бұл қарапайым айла.Әуелі әлдебір мекеме маманы болып хабарласып, телефонға келген кодты қолға түсіреді. Кейін құқық қорғау орнынан, я банктен қоңырау шалған боп, есепшотыңызға қауіп төнді деп сендіреді. Басты мақсат – адамды абдыратып, ойлануға мұрша бермеу.
Енді полиция арнайы жүйе арқылы мұндай қылмыстың алдын кеседі. Ол алаяқтың қоңырауын қабылдап, уақыт созып, жаңа айла-шарғы жолын анықтауға мүмкіндік береді.Бұдан бөлек олардың кімге қоңырау шалып отырғанын сол сәтте көрсетеді. Ақпарат түскен бойда жедел топ тұрғынның мекенжайына жетіп, мән-жайды түсіндіреді.
Нәтиже бар. Былтыр облыста барлығы 1090 дерек анықталса, биыл тіркелген қылмыс саны 800-ден асады. Бірақ әлде де әккілердің қулығы құрық бойлатар емес. Сондықтан ең мықты қорған – қырағылық дейді мамандар.