Негізгі Жаңалықтар Он саусағынан өнер тамған

Он саусағынан өнер тамған

Ағаштың әр талшығынан өзіндік өрнек көріп, қарапайым дүниеге ерекше сән бере білу шеберлікпен қатар үлкен талғамды қажет етеді. Сарыкөл ауданына қарасты Тәгіл ауылында тұратын Владимир Токарев бұл өнермен бала кезінен айналысады. Бүгінде ол ағаштың табиғи сұлулығын сақтап, тұрмыстық және сәндік бұйымдар жасайды. Жұбайы да қолөнермен айналысып, жолдасының жұмысына өз үлесін қосып келеді. 

Владимир Токарев үшін бұл жылдар бойы қалыптасқан өнер. Оның ағаш ұсталығына деген қызығушылығы бала кезінен басталған. Кәсіптік училищеде декораторлық өнерді меңгеріп, бірнеше жыл суретші-декоратор болып еңбек еткен. Кейін мектепте шеберхана мұғалімі болып, балаларға ағашпен жұмыс істеудің қыр-сырын үйреткен.

Шебердің айтуынша, станокпен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл. Құрылғыны іске қосқаннан кейін жұмыс автоматты түрде орындалады. Алайда, Владирмир Токарев қол еңбегін ерекше бағалайды. Ол ағашты өз қолымен өңдеп, әр бөлшегін өзі жасағанды ұнатады. Жұмысқа кіріспес бұрын болашақ бұйымның сызбасын қағазға түсіреді. Оның пішінін, көлемін және қандай өрнек қолданылатынын алдын ала ойластырады.


Бөлісу