Негізгі Жаңалықтар Қостанай жылу маусымына дайын

Қостанай жылу маусымына дайын

Қостанайда жылу маусымына дайындық аяқталуға жақын. Қазір қаладағы жылу желілері мен әлеуметтік нысандарда соңғы тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Жауапты мамандардың мәліметінше, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандарға жылу беру 25 қыркүйектен басталады. Ал қалған тұтынушыларға жылу 1 қазаннан беріледі деп жоспарланған.

Қостанайда жылыту маусымына дайындықтың соңғы кезеңі жүріп жатыр. Қазір орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған нысандардың ішкі жүйелері жуылып, қысыммен тексерілуде. Бұл – жылу беру маусымы алдында атқарылуы тиіс міндетті жұмыстардың бірі. Оның нәтижесінде әр нысанның жылу жүйесі жаңа маусымға техникалық тұрғыдан қаншалықты дайын екені анықталады.

Бүгінде қаладағы 1351 көпқабатты тұрғын үйдің 1283-інде, яғни 95 пайызында, қажетті жұмыстар жүргізілген. Білім беру нысандары бойынша дайындық деңгейі – 91 пайыз. 102 нысанның 93-і тексерістен өткен. Ал денсаулық сақтау саласында 32 нысанның 23-і дайын. Бұл – 72 пайыз. Жауапты қызметтер қалған жұмыстарды жылу беру маусымы басталғанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Жылу жүйелерін жаңғыртуға да қомақты қаражат бағытталған. Биыл кәсіпорын инфрақұрылымын қалпына келтіру және жаңарту жұмыстарына шамамен 5,7 миллиард теңге инвестиция салынған.


Бөлісу