Алаштың ардақты ақыны – Ақылбек
Өлеңі өрнекті, ойы терең қаламгер Ақылбек Шаяхметтің 75 жасқа толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінде әдеби кеш өтті. Онда ақынның шығармашылығы мен қаламгерлік жолдағы еңбектері кеңінен баяндалып, өлеңдері оқылды. «Ұшқыр қалам мен өрелі ойдың иесі» атты тақырып аясында өткен іс-шара туралы толығырақ тілші тарқатсын.
Он жасынан «бала ақын» атанған Ақылбек Шаяхметтің алғашқы өлеңі «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған. Ол әдебиет пен журналистика саласын қатар ұштастырған қарымды қаламгер. Сонымен қатар тұлға тану бойынша да елеулі еңбек сіңірген. Елдес Омаров пен Нұржан Наушабайұлы сияқты қазақ ақындарының еңбегін зерттеп, есімдерін елге танытты. Өзі де өлең, проза және драматургия саласында көптеген шығарма жазды.
Кеш барысында қаламгердің өлеңдері оқылып, көрермен ақынның жүрекке жетер жыр-дастандарына қанықты. Сондай-ақ, ақын сөзіне жазылған «Туған жер», «Анашым» және «Қостанай» сынды танымал һәм тағылымды әндері орындалды.
Ақылбек Қожаұлының шығармашылығы кейінгі буынға үлгі-өнеге. Поэзияда өзіндік қолтаңбасы бар ақын Абылай Мауданов осылай дейді. Оның сөзінше, 75 жасқа келген қаламгердің өмірлік тәжірибесі мен рухани байлығы шығармаларынан анық көрінеді. Ал оның терең білімі мен парасаты – осының айқын дәлелі.