Бос жатқан жерлер мемлекет меншігіне қайтарылуда
Қостанай облысында жылдар бойы пайдаланылмаған жер телімдерін қайтару жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері мемлекетке шамамен 112 мың гектар алқап қайтарылған. Учаскелердің мақсатты әрі тиімді пайдаланылуы қалай бақыланады?
Бос жатқан алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары еліміздің барлық өңірінде жүргізіліп жатыр. Мамандар жер телімдерінің мақсатқа сай игерілуін тексереді. Жер пайдаланылмаған жағдайда, оның себебі анықталып, заң талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Қостанай облысының Жер ресурстарын басқару департаментінің мәліметінше, биыл бұл бағыттағы жұмыс бұрынғыдан да қарқын алған. Нәтижесінде, жыл басынан бері өңірде ондаған мың гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Айта кетейік, шілде айынан бастап жерді мемлекеттік бақылау тәртібі де өзгерді. Жаңа талаптар тексеру рәсімін нақтылай түскен. Енді мамандар алқаптың мақсатқа сай игерілуіне және заң талаптарының сақталуына баса мән береді. Яғни жер телімінің қандай мақсатта әрі қаншалықты тиімді пайдаланылып отырғаны да назардан тыс қалмайды.
Соңғы төрт жылда Қостанай облысында бір миллион гектардан астам алқап мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыс қарқын алған. Әсіресе Амангелді, Жангелдин және Наурызым аудандарында ауқымды аумақ қайтадан мемлекет қарауына өтті. Ендігі міндет — қайтарылған алқаптарды қайта игеріп, шаруашылық айналымына қосу.