Негізгі Жаңалықтар Қостанай телеарнасына – 35 жыл

Қостанай телеарнасына – 35 жыл

Қостанай телеарнасы – өңірдің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени тынысын ақпарат кеңістігіне шығарып келе жатқан қара шаңырақ. Облыстағы күнделікті жаңалықтан бастап, ел көлеміндегі маңызды оқиғаларға дейін көрерменге жедел жеткізу – телеарна журналистерінің басты міндеті. Өңірдегі тұңғыш төл телеарна биыл 35 жылдық белесті бағындырды. 

Мерекелік іс-шараға ақпарат саласының ардагерлері, журналистер мен телеарна қызметкерлері, жергілікті атқарушы орган өкілдері және өңірдегі серіктес мекемелердің басшылары қатысты. Салтанатты кеште облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов телеарна ұжымын 35 жылдық мерейтойымен құттықтап, өңірдің ақпарат кеңістігінде арнаның алар орнына тоқталды.

Телеарнада әр жылдары еңбек еткен ардагер журналистер де мерейтойға арнайы келді. Әріптестеріне ақжолтай тілегін жеткізген олар алғашқы эфирлерді еске алып, сол кездегі түсірілім жұмыстарының қалай жүргізілгеніне тоқталды.

Мерейтой – өткенді еске алып, бүгінгі еңбекті бағалайтын сәт. Осы жылдар ішінде Қостанай 

телеарнасынан талай журналист түлеп шықты. Олардың қатарында бүгінде республикалық арналарда еңбек етіп жүрген мамандар КӨП.

Мерейтойда телеарна қызметкерлерінің еңбегі де ескерілді. Жас журналистерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Сонымен қатар «Әділет» партиясының Алғыс хаттары берілді.

Телеарнаның 35 жылдық мерейтойына орай ұжымға жаңа автокөлік табысталды. Жаңа темір тұлпар журналистердің түсірілім жұмыстарына, әсіресе шалғай елді мекендерге жедел шығуына пайдаланылмақ.

Кеш соңында телеарна ұжымы ән айтып, мерекелік бағдарламаны қорытындылады. Ал 35 жылдық тарихын қалыптастырған қара шаңырақ енді жаңа буын журналистерімен жаңа белестерді бағындыруға бағыт алды.


Бөлісу