«Қарасора-2026» профилактикалық іс-шарасы жалғасуда
Соңғы бір айда Қостанай станциясында көлік полициясы есірткіге қатысты екі деректі анықтады. Қазір аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Заңсыз есірткі айналымының алдын алу және жолын кесу жұмыстары республикалық «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жүргізілуде.
Теміржол вокзалы – күн сайын мыңдаған жолаушы мен ондаған пойыз тоғысатын орын. Мұнда қауіпсіздікке қойылатын талап та жоғары. Әсіресе есірткі сияқты тыйым салынған заттарды анықтауға ерекше мән беріледі. Қостанай станциясында көлік полициясы қызметкерлері жолаушылар мен пойыздарды тұрақты бақылауда ұстайды. Бұл жұмысқа кинологтар мен арнайы үйретілген қызметтік иттер де жұмылдырылған. Төрт аяқты сақшылардың жетік иіс сезуі күдікті заттарды дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.