Ауылға баратын медбикелер мен фельдшерлер 1 млн алады
Қостанай облысында енді орта білімі бар медицина қызметкерлеріне де көтерме ақы беріледі. Ауылға көшіп барған медбикелер мен фельдшерлер 1 млн теңге қаражат алады. Бұрын мұндай мемлекеттік қолдау тек жоғары білімі бар дәрігерлерге ғана көрсетілетін. Жаңа талап шалғай ауыл-аймақтағы ағайынның мәселесін шеше ме?
Жедел жәрдем қызметіне келгелі небәрі екі-ақ ай өтсе де, Рабиға жұмысына төселіп-ақ қалған. Қаршадай қыз қиын қызметтің қыр-сырын біледі. Медициналық колледждің биылғы түлегі қолына дипломын алып, бірден туған ауылы Әулиекөлге оралыпты. Енді тиімді мүмкіндікті қалт жібермей, құжат жинауға кіріскен.
Қостанай медициналық колледжінде бүгінде 1800-ден астам студент жеті мамандық бойынша білім алып жатыр. Жылына 300-ге жуық дайын маман түлеп шығады. Дегенмен өңірдегі кадр тапшылығы әлі де өткір тұр. Бұдан бөлек акушер-гинеколог, анестезиолог, терапевт, реаниматолог сынды дәрігерлер ауадай қажет. Сондықтан биыл облыста енді ауылға жұмысқа тұрған дәрігерлерге берілетін көмек екі есе артып, көлемі 7-8 млн теңгеге жетті.
Былтыр облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 589 миллион теңге қаражат бөлінді. Қолдауға 121 дәрігер ие болса, соның тек 31-і ғана ауылда еңбек етуге ниет білдірген. Шалғайдағы ағайынның бар тілегі – енді келген маманның Әйгерім мен Рабиға сынды ауылдағы жұмысты ауыр көрмей, тек тұрақтап қалуы.