Негізгі Жаңалықтар Мемлекеттік қызметті жеке менеджер рәсімдейді

Мемлекеттік қызметті жеке менеджер рәсімдейді

Жылдам әрі сапалы қызмет алу. Қостанай қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында тұрғындарға бірнеше жылдан бері осындай мүмкіндік ұсынылып келеді. Бұл – «Персоналды менеджер» қызметі. Белгілі ақы мөлшерінде азаматқа мемлекеттік қызметті рәсімдеудің барлық кезеңінде қолдау көрсетіп, қажетті құжаттарды толтыруға көмектесетін маман бекітіледі. Жыл басынан бері бұл қызметті 500-ге жуық қостанайлық пайдаланған. Оның қандай мүмкіндіктері бар? 

Мемлекеттік қызметтердің цифрлануы азаматтардың уақытын үнемдеп, бірқатар рәсімді онлайн алуға мүмкіндік берді. Алайда Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну кей тұрғындар үшін әлі де қолайсыз. Әсіресе цифрлық технологияларды қолдануға қиналатын немесе кезек күтуге уақыты жоқ азаматтарға «Персоналды менеджер» қызметі тиімді мүмкіндік ұсынып отыр. 

Жеті мың теңгеден сәл асатын ақыға тұрғындар мемлекеттік қызметті рәсімдеу кезінде жеке менеджердің көмегіне жүгіне алады. Маман өтініш беруден бастап, құжат дайын болғанға дейін қажетті жұмыстарды жүргізеді. Ал ХҚКО-ға келе алмайтындар маманды үйге немесе кеңсеге шақыра алады. Ол үшін «1414» нөміріне хабарласуға немесе электронды үкімет порталы арқылы өтініш беруге болады.  

Дегенмен маманды үйге шақыру арқылы барлық құжатты рәсімдеу мүмкін емес. Мәселен, жеке куәлік, паспорт, жүргізуші куәлігін алу немесе автокөлікті қайта рәсімдеу сияқты қызметтерді азамат ХҚКО-ға өзі барып қана ала алады. Мамандардың айтуынша, бұл қызметке көбіне көпбалалы аналар, кәсіпкерлер және уақыты тығыз тұрғындар жүгінеді. Өткен жылы Қазақстан бойынша бұл қызметті 60 мыңнан астам азамат пайдаланған. 


Бөлісу