Негізгі Жаңалықтар «Үздік жедел уәкіл» байқауы өтті

«Үздік жедел уәкіл» байқауы өтті

Қостанай облысында үздік жедел уәкіл анықталды. Полиция департаментінде өткен кәсіби байқауда жиырмадан астам қызметкер бақ сынады. Олар дене дайындығы мен шапшаңдығын және қызметтегі білім-білігін де көрсетті. Үздік атанған маман енді облыс намысын республикалық деңгейде қорғайды.

Жедел уәкіл үшін шұғыл шешім қабылдау, кез келген жағдайда жинақылық таныту және кәсіби білімді іс жүзінде қолдана білу маңызды. «Үздік жедел уәкіл» байқауында осы талаптардың барлығы сыналды. Қатысушылар дене дайындығын көрсетіп, кәсіби білімі бойынша тапсырмалар орындады. Әр кезеңдегі нәтиже қорытынды есепке алынды.

Сайыста топ жарған— полиция капитаны Қуат Омаров. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2018 жылы бастаған ол мұндай кәсіби додаға бұған дейін де қатысқан. Тәжірибесі мен әзірлігін ұтымды пайдаланған тәртіп сақшысы биылғы байқаудың жеңімпазы атанды.

Қуат Омаров үшін бұл — жаңа кезеңнің бастауы. Енді ол Қостанай облысының атынан республикалық байқауға қатысады. Оған дейін бірнеше апта уақыт бар. Осы аралықта жеңімпаз алдағы сынға дайындалады.


Бөлісу