Сағынышқа айналған сатира саңлағы
Сатирик-жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғұмар Ахметчиннің 85 жылдығына арналған еске алу кеші өтті. Ғұмырын журналистика мен әдебиетке арнаған қаламгердің шығармашылық жолы Қостанай өңірінің баспасөз тарихымен біте қайнасып жатыр. Іс-шараға қаламдас достары мен әріптестері қатысты.
Ғұмар Ғарифоллаұлы Ахметчин 1941 жылы Ресейдің Златоуст қаласында дүниеге келген. Балалық шағы мен жастық кезеңі Қостанай өңірінде өтіп, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіреді. 1966 жылдан бастап «Қостанай таңы» газетінде қызмет етіп, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары және бас редактор лауазымдарын атқарды. Кейін облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып, мемлекеттік қызмет пен бұқаралық ақпарат құралдарының байланысын нығайтуға еңбек сіңірді.
Сатира жанрында қоғамның өзекті мәселелерін әзіл арқылы жеткізген қаламгердің есімі қаламдас қауымның мәңгілік есінде. Бұл жайында көзін көрген, соңынан ерген қаламгерлер ерекше сағынышпен еске алды.
Іс-шара «Kitap Time – 2026» V жалпы республикалық кітап фестивалі аясында оқырман мен кітап арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Әдеби кешке жас толқын да белсене қатысып, қаламгерге арналған іс-шарадан алған әсерлерімен бөлісті.
Ғұмар Ахметчиннің шығармашылық мұрасы – журналистика мен әдебиеттің сабақтастығын танытатын құнды дүние. Қаламгерді еске алу кешінде оның өнегелі жолы мен сатиралық шығармалары сөз болып, есімі кейінгі ұрпаққа қайта жаңғырды. Әдебиетке адал қызмет еткен қаламгердің рухани мұрасы оқырман жадында әлі де сақтала бермек.