Жылқы – жанның жұбанышы, тәннің шипасы
«Тегін – түркі, түлігін – жылқы» деген ұғым қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан бұлжымас қағида. Жарықтық жылқы жануарының қадір-қасиетін халқымыз жүйрігін бәйгеге қосып, мықтысын көкпарға салғанда ғана емес, науқасқа шипа іздегенде де таба білген. Бүгінде сол дәстүрдің заманауи бір көрінісі – иппотерапия. Қазір Қостанайда 60 бала осы әдіс арқылы оңалтудан өтіп жүр.
Иппотерапия – аттың қозғалысы арқылы жасалатын емдік жаттығу. Мамандардың айтуынша, жылқының ырғақты қимылы адамның бұлшық ет жұмысын, тепе-теңдігін жақсартады. Ал жануармен байланыс балалардың психологиялық жағдайына да оң әсер етеді. Сондықтан бұл әдіс көбіне ерекше күтімді қажет ететін балаларды оңалту процесінде қолданылады.