Негізгі Жаңалықтар Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды

Бала қауіпсіздігі бәрінен маңызды

Отбасындағы қиындықты дер кезінде байқап, балаға қауіп төнбей тұрып көмек көрсету – маңызды мәселе. Осы бағытта өңірде бірнеше жұмыс қатар жүргізілуде. Мамандар арнайы отбасыларға барып, мәселесін анықтап, қажет көмекті ұсынады. Ал балаға қауіп-қатер төнген жағдайда оны қорғау үшін тиісті шаралар қабылданады. Қостанай облысында бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр? 

Отбасы бір күнде қиын жағдайға тап болмайды. Көп жағдайда мәселе біртіндеп жиналады. Кейбір ата-ана не істерін білмей, кімнен көмек сұрарын түсінбей қалады. Осы ретте дер кезінде қолдау көрсетудің маңызы зор. «Ана үйі» ұйымының мамандары да отбасыларға қиындықты ушықтырмай, мәселені ертерек шешуге көмектеседі. 

Баланың құқығы бұзылмауы үшін арнайы мамандар жағдайды бақылап отырады. Қажет болса, балалар мекендеге мекемелерге барып, ондағы жағдаймен танысады. Егер қандай да бір мәселе анықталса, оның себебі қаралып, қайталанбауы үшін қажетті шара қабылданады. Өйткені балаға төнген кез келген қауіп назардан тыс қалмауы керек

Елімізде балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселеге басымдық беріліп отыр. Биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Қостанай облысында 200 мыңға жуық бала бар. Оның 1568-і жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар. Соңғы үш жылда олардың саны 17 пайызға азайған. 

Отбасыларға көмектесу үшін мобильді топтар да жұмыс істейді. Биыл алғашқы алты айда мамандар 1 598 отбасының жағдайын барып, тексеріп көрген. Қажет болған жанұяларға материалдық, әлеуметтік және тұрғын үй мәселелері бойынша көмек көрсетіледі. Ал балаға қауіп-қатер төнсе, оны қорғау үшін шара қабылданады. Биыл 152 ата-ана жауапкершілікке тартылып, 13 бала қауіпті ортадан шығарылған. Басты мақсат – мәселе ушығып кетпей тұрып, уақытылы көмек көрсету. 


Бөлісу