Жітіқара қаласында таңғы төрттердің шамасында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенде, үй толығымен отқа оранған.

Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Бір жарым сағатта өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді. Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз  кәмелетке толмаған 6 бала  болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені, 2011 жылы туған бала ғана аман, зардап шекпеген. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың анасы кешкісін құрбысына қонақтап кеткен, ал жұбайы түрмеде отыр. Қазір оқиғаның себептері анықталуда. Өрт-техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологтары туыстарына қажетті жәрдем көрсетуде. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық көмек те беріліп жатыр. Қостанай облысының әкімдігі туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.