Қартайған ағаштардың көбі жақсы күтім жасалғанына қарамастан, өзінің бағалы декоративтік сапасын жоғалтады. Жапырақтары ұсақталып, өсуі де азаяды. Үнемі қырқу арқылы ерте қартайған немесе қурап жатқан ағаштардың өмір сүру қабілетін арттыруға, оларды жасартуға жағдай жасауға болады. Сол себепті қала аумағындағы ағаштарды кесу шараларын қолға алдық, - дейді коммуналшылар.

Ағаштарды жүйелі қырқып отыру - күтім жасаудың маңызды тәсілдерінің бірі. Ол ағаш өсімдіктерінің бүкіл ғұмыры бойына жүргізіледі. Жас кезде қырқу - негізінен ұшар басын өсіруге бағытталған, кейінірек оны сақтап, ұстау үшін жасалатын әдіс, ал қартайған кезде кесу - өсімдіктерді жасарту үшін бағытталады.

Қала жағдайында ағаштар табиғи ортадағыдай өспейді, олардың тамыр жүйесі нашарлайды. Жел қатты соққан кезде көбінесе опырылып құлайтыны да сондықтан. Осы ретте олардың желкемділігін азайту және діңгекке түсер жел күшін төмендету үшін үнемі кесіліп отырады. Қырқылғаннан кейін ағаштардың ұйқыдағы бүршіктері оянады. Сосын қарқынды өсе бастайды, уақыт өте келе толыққанды бұтақтарға айналады.

 

Айдын Шәйкенов