Әулиекөл ауданы Диев ауылына газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды. Көгілдір отынды үйге кіргізер сәтті тағатсыздана күтіп жүрген тұрғындар өркениетке қол жеткіздік деп қуанып жатыр. Елді мекенді газдандыру - тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, ауыл инфрақұрылымын дамытуға серпін берген маңызды жоба

Бұрын бұл ауылда қыс түсе мұржалардан қою түтін бұрқырап, әр аулада тау-тау көмір үйіліп жататын. Енді ол күндер артта қалды. Диев елді мекеніне көгілдір отын жетіп, тұрғындардың тұрмысына жылулықпен бірге жайлылық та енді.

Тұрғындар бұл күнді тағатсыздана күткендерін айтады. Қысы ұзақ өңір үшін бұл үлкен көмек. Енді отын дайындап, көмір алудың қажеті жоқ. Жарық та, су да бар, енді газ келді, ауылда да тәп-тәуір тұрмыс кешуге болады, деп отыр.

Салтанатты рәсімге облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Бұл - Диев тұрғындары үшін маңызды күн. Тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға жасалған үлкен қадам, деді өңір басшысы.

Диев ауылын газдандыру жұмыстары өткен жылдың тамыз айында басталған. Жоба аясында аудан орталығындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан ауылға дейін құбыр тартылды. Оның жалпы ұзындығы 56 шақырымнан асады. Сонымен қатар, газ қысымын реттейтін төрт арнайы пункт орнатылған.

Ауыл ішіндегі газ тарату желілерінің құрылысына жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал ауылішілік желілерді салуға 535 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалды.

Қазір Әулиекөл ауданындағы газдандыру деңгейі 51 пайыздан асты. Ал өңірде Құсмұрын, Новонежин және Тимофеев ауылдарындағы жобалар да қарқын алуда. Жалпы, облыстағы 501 елді мекеннің 87-сі табиғи газбен қамтылған. Соңғы үш жылда шамамен 8 мың адам көгілдір отынға қосылу мүмкіндігіне ие болды.