Ел бойынша жүзеге асып жатқан түстіктен теріскей өңірлерге қоныс аудару тек көші-қон саясаты емес, ол - елдің демографиялық тепе-теңдігін сақтауға, еңбек ресурстарын тиімді бөлуге бағытталған маңызды бастама. Соңғы жылдары бағдарлама аясында Қостанай облысына көшіп кеп, білім беру саласына үлес қосып жүрген мамандар қатары қалың. Соның айқын дәлелі ретінде Мереке ауылында берекелі өмір сүріп жатқан күнгей тумаларын айтуға болады.

Әсіресе, ауыл мектептерінде маман тапшылығын азайтып, жас ұрпаққа сапалы білім беруде оңтүстіктен келген ұстаздардың еңбегі орасан. Олар жаңа ортаға тез бейімделіп қана қоймай, оқу-тәрбие ісіне үлес қосуда. Елді мекендерде еңбек етіп жүрген мұғалімдер шәкірт тәрбиелеп, оқу ошағының абыройын арттыруға аянбастан атсалысып келеді.

Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – кейбір ауылдардағы мектептердің сақталуына оңтайлы ықпал етуі. Өйткені тұрғын саны азайған елді мекендерде оқушы саны кеміп, білім ошақтарының жабылу қаупі туындайды. Ал қоныс аударған отбасылардың келуі арқылы ауыл мектептеріндегі бала саны артып, білім беру мекемелерінің жұмысы жандана түсті.

Түстіктен теріскейге қоныс аудару бағдарламасы – ел бірлігін нығайтып, өңіраралық байланысты күшейткен маңызды жоба. Бұл бастама арқылы бір өңір тұрғындары екінші бір аймақтың дамуына өзіндік үлес қосып, біртұтастықтың тамыр жаюына жол ашуда. Ендеше, оңтүстіктен көш келді, Қостанайға қош келді!