«Өнеріміз саған, Қазақстан» көркемөнерпаздар фестивалі түйінделуге жақын. Өңірдің барлық аудан-қаласын қамтыған мәдени іс-шара Қостанай қаласында да өтті. Шығармашыл жандардың басын қосқан фестивальдің ерекшелігі – оның жанрлық әралуандығында.

Қостанайлық өнерпаздардың фестивальге биыл да тыңғылықты дайындалғандары байқалады. Олар байқауды мәдениет үйінің кіреберісінде арнайы көрмеден бастады. Мұнда шаһардың көрікті жерлерінен фотосуреттер көптеп қойылған. Ал қазақша киінген мына бұрымдылар әділқазы мүшелерін қарсы алуға дайын тұр.

Сахна шымылдығын мың бұралған бишілер театрландырылған көрініспен түрді. Еркін қимылдарымен қазақ халқының кең даласын, ашық аспанын суреттеді. Ал ұрпақтар сабақтастығын насихаттаған жас буын мен орта буын күй тартыс ұйымдастырып, «Адай» күйін орындап берді.