Елімізде баламасы жоқ, жалғыз радиоспорт үйірмесі Қостанай қаласында №11 мектепте жұмыс істейді. 60 жыл бойы балаларды байланыс саласына баулып келген клуб бүгінде әлемнің әуе толқынына да танымал. Халықаралық дәрежеде сұқбат өрбітетін радио 1966 жылы негізі қаланған. Орталық әуелгіде әскери радиостанцияны пайдаланып жұмысын бастаған. Содан бері 60 жыл бойы тоқтаусыз эфирге шығады. Еуропамен де, америкамен де, тіпті Таяу Шығыс елдеріндегі журналистермен де байланыс жасайтын орталықта оқушылар түрлі термин мен техника тілін жетік меңгеруі тиіс.
Тарихы тереңде жатқан әуе толқыны осы уақытқа дейін талай шәкіртті шыңдап, талаптыға қанат бітірген. Шетелдіктермен байланыс орнатып, ел мәдениеті мен дәстүрі жайлы да хабардар еткен. Әр өрбіген сұқбаттан соң, арнайы карталарды да сыйға алған. Бүгінде радио қабырғасында солардан құралған жинақ бар.