2022 жылы Әулиекөл ауданындағы алапат өрт күлге айналдырған Аманқарағай орманы бүгінде қайта түлеп келеді. Табиғат апатынан кейін қолға алынған орманды қалпына келтіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Биыл «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірде кезекті ағаш отырғызу науқаны өтті. Экологиялық бастамаға облыстағы ірі кәсіпорындар мен өндіріс орындарының қызметкерлері де белсенді қатысты.

Аманқарағай орманы — Қостанай өңірінің ғана емес, еліміздің солтүстік белдеуіндегі маңызды табиғи қорлардың бірі. Экологиялық акция барысында орман алқабына 500-ден астам 1-2 метрлік терек көшеті отырғызылып, қосымша 4500 ағаш дәні егілді. Мамандардың айтуынша, терек көшеттерінің таңдалуы бекер емес. Бұл ағаш түрі климатқа тез бейімделіп, тамыр жүйесі арқылы топырақты бекітіп, ылғалды жақсы сақтайды.

Табиғатты қорғауға бағытталған акцияға өндіріс орындарының қызметкерлері, еріктілер мен жастар ұйымдары да белсенді қатысты. Қатысушылар үшін аталмыш шаралар тек ағаш отырғызумен шектелмей, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Игі бастама аясында әрбір қатысушы өз қолымен көшет егіп, табиғатқа жанашырлық танытты.