Қостанайда Аналар күніне орай Достық үйінің алаңында «Ана алақаны - мейірім мекені» атты мерекелік іс-шара өтті.
Кештің шымылдығын «Орда» би ұжымы мен белгілі өнерпаздар ашып, көрерменді әсем ән мен таңғажайып биге бөледі. Бағдарламаның ең жанды бөлігі - интерактивті блоктар болды. «Анам айтқан ән / Мама-караоке» айдарында қатысушылар ана туралы ең асыл туындыларды шырқап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Әсіресе, «Анашым, мен сені жақсы көремін» бөлімі ешкімді бей-жай қалдырмады: қала тұрғындары дәл орталықта тұрып аналарына қоңырау шалып, өздерінің ең ыстық сезімдері мен алғыстарын көпшілік алдында жеткізді. Тұрғындар іс шара барсында ашықхат әзірлеп, білезік өру сынды түрлі шеберлік сабақтарына қатысты. Бүлдіршіндер асфальтта сурет салып, сабын көпіршіктері мен аквагрим қызығына батса, тәттілер мен қолөнер көрмесі мереке шырайын аша түсті. Мерекелік шара салтанатты түрде «Аналардың ақ батасы» бөлімімен аяқталды. Аналар кеңесінің мүшелері сахна төріне шығып, жиналған қауымға, жас
отбасылар мен қала тұрғындарына бейбітшілік пен береке тіледі.