Қостанайда мемлекет және қоғам қайраткері, Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Жеңіс Нұрғалиевтің өмірі мен еңбек жолына арналған кітаптың тұсауы кесілді. «Мен сені сүйемін, өмір» атты ғұмырнамалық еңбекке тұлғаның замандастары мен әріптестерінің естеліктері енген. Кітап таныстырылымына зиялы қауым өкілдері мен туған-туыстары қатысты.
«Жастар сарайында» өткен рухани кеш Жеңіс Мирасұлының жарқын бейнесін еске алуға арналды. Амангелді ауданының тумасы еңбек жолын агроном болып бастап, ел басқару ісінде үлкен беделге ие болды. Аудан әкімі, қала әкімі қызметтерін жоғары дәрежеде атқарған ол 2010 жылдан бастап Парламент Сенатында өңір мүддесін қорғап, аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінде қызмет етті.