1 шілдеден бастап электросамокат қолдану талаптары заң жүзінде күшейтіледі. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің қызметкерлері мәлімдеді. Қазір өңірде электр самокаттарын жалға берумен айналысатын екі компания жұмыс істеп тұр. Енді жаңа талаптар тек пайдаланушыларға ғана емес, жалға беру қызметін ұсынатын компанияларға да қатысты болмақ. 

Электросамокатты тізгіндемес бұрын заң талаптарын біліп алған абзал. Себебі 1 шілдеден бастап дәл осы қос дөңгелекті көлікті басқаратындарға қатысты талаптар күшейеді. Электросамокаттардың жүретін жолы айқындалды: олар жолдың оң жақ бөлігімен және жаяу жүргіншілер жолағымен қозғала алады.

Ал кешкі және түнгі уақытта жарық қайтаратын элементтердің болуы да міндеттелді. Бұл - қараңғы уақытта көлік жүргізушілерінің электросамокат тізгіндеген адамды дер кезінде аңғаруы үшін қабылданған шара. Сонымен қатар жаңа заң талаптарында электросамокаттарды жалға беретін кикшеринг компанияларына қатысты да өзгерістер енгізілген.