Негізгі Жаңалықтар В. Матвиенконы еске алуға арналған күрес турнирі өтті

В. Матвиенконы еске алуға арналған күрес турнирі өтті

Өңірде грек-рим күресінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Матвиенконы еске алуға арналған турнир өтті. Осымен тоғызыншы рет ұйымдастырылып отырған боз кілем бәсекесіне 10 салмақ дәрежесі бойынша 300-ден астам спортшы қатысты. Финалдық белдесулерді қала әкімі Марат Жүндібаев, спорт ардагерлері мен спорт басқармасының басшылары тамашалады.

Владимир Матвиенко – Қостанайда грек-рим күресіне жаңа серпін берген бапкерлердің бірі. Саналы ғұмырын спорт саласына арнаған білікті бапкер осы уақыт ішінде 45 спорт шеберін, халықаралық дәрежедегі екі спорт шеберін және еліміздің Еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеп шығарды.

Биылғы бозкілем бәсекесіне Қазақстанның әр өңірінен келген үздік балуандармен қатар, Ресейден спортшылар арнайы келді. Дәстүрлі турнир биыл тоғызыншы рет өткізіліп отыр. Жыл сайын жарысқа қатысушылардың қатары артып, ауқымы кеңейіп келеді.

92 келі салмақ дәрежесінде Петропавл қаласының балуаны Темірлан Серік қарсылас шақ келтірмей, жарыс жеңімпазы атанды. Бозкілемде барын салған жас спортшы алдағы уақытта Олимпиада ойындарының биік тұғырынан көрінуді мақсат етеді. Айта кетейік, Петропавл қаласынан бұл турнирге он балуан қатысты.

Ресейлік балуандар да бозкілемде осалдық танытқан жоқ. Әсіресе, 61 келі салмақ дәрежесінде белдескен Захар Берестовтың өнері көпшіліктің назарын аударды. Ол жергілікті спортшылармен өткен белдесулерде шеберлігін танытып, ұтымды әдіс-тәсілдерімен қарсыластарынан басым түсті. Осылайша, ресейлік балуан да турнирдің тартысты өтуіне өз үлесін қосты.

Жарысты тамашалауға спорт ардагерлері де келді. Олардың арасында кезінде В. Матвиенкомен бірге еңбек еткен азаматтар бар. Өңірде грек-рим күресін дамытуға кәсіпкерлер де қолдау көрсетіп келеді. Солардың бірі – Alpamys Group құрылыс компаниясы. Компания Қостанай облысының грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясына демеушілік жасап, спорттың дамуына үлес қосуда. 


Бөлісу