Аудан инфрақұрылымы жаңғырып келеді
Науырзымдықтар үшін көптен күткен қуанышты жаңалық! Тұрғындардың талай жылдан бергі тілегі қабыл болып, күре жолдан аудан орталығына дейінгі тас жол жөнделеді. Ұзындығы 34 шақырым болатын бұл учаске талай жылдан бері жолаушылардың жыр болған мәселесіне айналған еді. Енді жол азабын тартқан жұрттың үміті ақталмақ. Жоба жүзеге асса, аудан орталығына қатынау жеңілдеп, тұрғындардың жол қауіпсіздігі де артады.
Бұл жолдың жай-күйі науырзымдықтарды талай жылдан бері әбігерге салған. Әсіресе, аудан орталығына апаратын жолдың сапасы тұрғындар үшін өзекті мәселеге айналған еді. Енді көптен күткен жөндеу жұмыстары басталмақ.
Өлеңді мен Буревестник ауылдарының арасындағы жолдың жалпы ұзындығы 53 шақырым. Қазір оның 10-нан 17-ші шақырымы жөнделіп жатыр. 17-ден 24-ші шақырымға дейін асфальт келесі жылы басталмақ. Оған қазір конкурс жарияланған. Енді аудан аумағында жұргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысына келер болсақ, әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін былтыр 25 пәтер сатып алынған. Ал биыл баспана саны өскен.
Қазір үйді салып жатқан құрылысшылардың тәжірибесі де мол. Еліміздің солтүстік өңірлерінде, атап айтсақ, Астана, Петропавл, Көкөшетау қалаларында баспана тұрғызған.
Тек мемлекет қана емес, жеке кәсіпкерлер мен аудан тумалары жаңа ғимараттар салып, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға үлес қосуда. Мәселен, Дәмді ауылында осыдан үш апта бұрын жаңа намазхана ел игілігіне берілген. Ауыл тұрғындарының қолдауын да айтпай кетуге болмас. Қаржылай жағынан да, қол күші жағынан да бар көмектерін аямаған.