Таза аудан, жайлы ауыл, сапалы инфрақұрылым
Бұған дейін Ұзынкөл ауданында 56 ескі ғимарат болса, бүгінде түгелдей сүрілген. Алдағы бір жарым айда тағы 14 қараусыз нысан жойылады. Бұл шаралар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында іске асырылып жатыр. Жалпы, тазалық науқаны шеңберінде ауданда 4 мың тоннадан көп қоқыс шығарылған.
Тазалық акциясы басталғалы бері өңірдегі аудандардың ажары кіріп, көркейіп жатқаны баршамызға белгілі. Мәселен, Ұзынкөл ауданында биыл 5 саябақ, 4 балалар ойын алаңы салынған. Үйлердің сыртына сәндік жарық шамдары орнатылған.
Аудандық маңызы бар жолдың жалпы ұзындығы - 325,4 шақырым. Осы күні оның 90 пайызға жуығы жақсы жағдайда. Ал, ауылішілік асфальт 254,5 шақырымды құрайды. Оның тек 52,7 пайызы жақсы күйде деуге келеді. Биыл жол жөндеу жұмыстарына 621,7 млн теңге бағытталған. Оған 11 шақырымдық 7 көше реттелген.
Ұзынкөл ауданы бірнеше жыл қатарынан астық жинаудан алдыңғы қатарда. Марат Жұрқабаевтың айтуынша, майлы дақылдардың егіс алқабы 97,8 мың гектарға дейін ұлғайтылған. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асты. Ал дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар үлесі 230,8 мың гектар жерді қамтиды.