Негізгі Жаңалықтар Қостанайда су желілерінің тозу деңгейі төмендеді

Қостанайда су желілерінің тозу деңгейі төмендеді

Қаладағы коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді. Су құбырларының сапасы, кәріз желілерінің өткізу қабілеті мен инфрақұрылымның жаңаруы – тұрғындар үшін маңызды мәселелер. Бұл бағытта қалада қандай жұмыстар атқарылып жатыр? 

«Қостанай-Су» кәсіпорнының басты міндеті – қала тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бүгінде кәсіпорынның су құбыры желілерінің ұзындығы 696,6 шақырымды, кәріз жүйесі 561,1 шақырымды құрайды. Инфрақұрылымның тозуын азайтып, желілердің жұмысын жақсарту үшін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Желілердің тозуын азайтуға бюджет қаржысы мен инвестициялық бағдарламалар ықпал етті. Соңғы үш жылда 118 нысанда жұмыс жүргізіліп, 28 шақырым кәріз желісі тартылды. Нәтижесінде инфрақұрылымның жағдайы жақсарып, тұрғындар шағымы азайған.

Жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Қазір кәсіпорын жалпы ұзындығы 34,9 шақырым болатын 20 жобаны жүзеге асыруда. Оның сегізі бюджет есебінен, қалғаны инвестициялық бағдарлама аясында қаржыландырылады. Басты мақсат – желілердің сенімділігін арттырып, қалаға судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ету.


Бөлісу