Қасым мұрасы – көркем сөз қазынасы
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын әрі аудармашы Қасым Тоғызақовтың шығармашылығы - жас ұрпаққа үлгі. Қаламгердің әдеби мұрасын насихаттап, жас буынның көркем әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында Қостанайда «Қасым мұрасы – көркем сөздің қазынасы» атты байқау өтті. Әдеби додада мектеп оқушылары мен студенттер ақын өлеңдерін жатқа оқып, білімдерін сынады.
«Домбыра сазы» атты термемен басталған әдеби кеш Қасым Тоғызақовтың шығармашылығына арналды. Ақын бір кездері Жамбыл Жабаевтың жеке хатшысы болып, Пушкин, Лермонтов сынды әлем әдебиеті классиктерінің туындыларын қазақ тіліне аударған. Кештің қадірлі қонағы – қаламгердің ұлы, белгілі актер Ерболат Тоғызақов әкесі туралы естеліктерімен бөлісті.
Қасым Тоғызақовтың әдеби мұрасы – кейінгі ұрпаққа қалдырған құнды қазына. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай байқаулар жас буынның қаламгерлердің шығармашылығына деген қызығушылықты арттырады.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында қатысушылар ақынның бес өлеңін жатқа оқыса, екінші кезеңде «Сібір Омар» дастаны бойынша сұрақтарға жауап берді. Осылайша, олар шығарманы меңгеру деңгейі мен мәнерлеп оқу шеберлігін көрсетті. Сайысқа бірнеше апта дайындалған жастар ақынның өлеңдерімен қатар көлемді туындыларын да зерделеген
Айша Байдалина да байқауға ерекше ықыласпен дайындалған. Жерлес ақынның жырларын жатқа оқыған жас қатысушы әсіресе туған жер тақырыбындағы өлеңдерінен ерекше әсер алыпты
Жас талапкерлердің басын қосқан байқау ақын мұрасын кеңінен насихаттауға жол ашты. Тағылымды іс-шараның өтуіне бастамашы болып, ұйымдастырылуына атсалысқан – «Ақ дариға» ұжымы мен «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі. Осындай бастамалар арқылы қаламгер есімі ұлықталып, шығармалары кейінгі буынға аманаттала бермек.