Өнер туындыларының көрмесі өтті
Сәндік-қолданбалы және мүсін өнеріндегі жас авторлардың VIII республикалық «Жас толқын – 2026» көрме-байқауының жеңімпаздары анықталды. Биыл байқауға еліміздің бірнеше өңірінен 52 өтінім түскен. Қатысушылар екі номинация бойынша өз жұмыстарын ұсынды. Үздік туындылар көрмеге қойылып, жүлделі жұмыстар музей қорына қабылданады.
Байқауға 16 мен 35 жас аралығындағы авторлар қатысты.Тақырыптар Қостанай облысының 90 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығына арналды. Жобаға Астана, Ақтөбе, Көкшетау, Павлодар қалаларынан, Қарағанды, Ақмола және Маңғыстау облыстарынан өтінімдер түскен. Қазылар алқасы әрбір номинация бойынша үздік үштікті анықтады.
Іс-шара аясында кәсіби мүсінші Баян Баталова байқауға қатысушыларға «Бедерлі мүсіндеу. Портрет» тақырыбында шеберлік сабағын өткізді. Байқаудың бірінші орын иегері Бекзат Мұратов көрмеге зергерлік бұйымдарын және шәкірттерімен бірге жасаған ер-тұрман үлгісін ұсынды.
Байқау жеңімпаздарына ақшалай сертификаттар табысталды. Жүлделі орын алған жұмыстар музей қорына енгізіледі. Ал көрмеге қойылған туындыларды келушілер музейдің бейнелеу өнері бөлімінен тамашалай алады.