Сарбаздар әскери ант қабылдады
Қостанайдағы ҚР Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінде 230-дан астам жас сарбаздың әскери ант беру рәсімі өтті. Салтанатты рәсімге жас сарбаздардың ата-аналары, туған-туыстары, достары мен жақындары арнайы келіп қатысты.
Ата-аналар әскери өміріндегі маңызды сәттің куәсі болып, әскери қызметке қадам басқан жас жауынгерлерге ақ тілектерін жеткізді. Әскери ант қабылдау – әрбір азаматтың өміріндегі жауапты әрі маңызды кезең. Осы күні жас сарбаздар Отанға адал қызмет етуге, ҚР Конституциясы мен заңдарын сақтауға, елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауға салтанатты түрде ант берді.Салтанатты рәсімге еліміздің әр өңірінен келген мыңға жуық ата-ана мен туған-туыс қатысты. Іс-шара барысында жас сарбаздардың бірі анасымен бірге ән шырқап, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.