Негізгі Жаңалықтар Корей мәдениетін насихаттаған фестиваль

Корей мәдениетін насихаттаған фестиваль

Ханбок, рамён және кей-поп батл. Мұның бәрі король Седжон атындағы корей тілі мен мәдениеті институты ұйымдастырған фестивальде көрініс тапты. Корей елінің мәдениетіне, тілі мен дәстүріне қызығатындар үшін бұл - тамаша мүмкіндік. Фестиваль биыл екінші рет ұйымдастырылуда. Бұл жолы жастарға арналған форматта өтті. Себебі өскелең ұрпақтың корей мәдениетіне деген қызығушылығы жоғары.

Кештің ерекше атмосферасы табалдырық аттаған сәттен-ақ сезілді. Қонақтар корей халқының дәстүрлі ойындарын ойнап, ұлттық тәттілерінен дәм татты. Ал ащы рамён жеуден жарысқандардың көңіл-күйі тіпті көтеріңкі. 

Осындай қызыққа толы кешке жиналғандардың бәрін біріктірген ортақ себеп бар. Ол - корей мәдениетіне деген қызығушылық пен осы елдің салт-дәстүрін жақынырақ тануға деген құлшыныс.

Институт ҚӨУ жанынан 2024 жылы ашылған. Мекеменің атауы да кездейсоқ емес. Өйткені XV ғасырда король Седжон корей әліпбиін жасаған. Жобаның басты ерекшелігі - сабақтарды Кореядан келген, яғни тілді жетік меңгерген мамандардың өткізуінде. Институт тек тіл үйретумен шектелмейді. Мұнда түрлі байқаулар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға Кореяға баруға мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алатын мәдени іс-шаралар да тұрақты өткізіледі.

Кезек кей-поп батлға да келіп жетті. Танымал топтардың әндері кезек-кезек шырқалып, жастар өздерінің би шеберлігін ортаға салды. Командалардың атауының өзі ерекше. Ривердейл, Киунс, Поуер Паф, Фенси, Фиммис. Әуен ырғағына ілескен қатысушылар көрерменнің қошеметіне бөленіп, кештің көркін қыздыра түсті. Ол да бекер емес. Себебі, жеңімпазға ақшалай сыйлық бар. 

Корей тілі мен мәдениетін дәріптеу бағытындағы жұмыс білім беру саласымен де жалғасын таппақ. Осы мақсатта король Седжон атындағы институт Қостанай жоғары автомобиль көлігі колледжімен меморандумға қол қойды. 

Айта кетейік, институт Оңтүстік Кореяның Dong-Eui университетімен бірлесіп ашылған. Бұған Қостанайда KIA зауытының іске қосылуы себеп болған. Алғашқыда мұнда автокөлік жасау инженериясы бойынша қос диплом бағдарламасымен Кореяға баратын ҚӨУ студенттеріне тіл үйрету көзделген еді. 


Бөлісу