Негізгі Жаңалықтар ЖРО – батыл қадамдар мен тиімді шешімдер алаңы

ЖРО – батыл қадамдар мен тиімді шешімдер алаңы

Науырзым ауданында жастардың әлеуетін арттырып, қоғамдық белсенділігін қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл іске Жастар ресурстық орталығы ұйытқы болып, жас буынның тың бастамаларына жол ашып келеді. 

Жастар ресурстық орталығы аудандағы қоғамдық өмірдің бел ортасынан табылады. Мұнда жас буынның бастамаларына қолдау көрсетіліп, шығармашылық, зияткерлік және патриоттық бағыттағы жобалар жүзеге асырылады. Экологиялық акциялар да назардан тыс қалған емес. Жақында орталық еріктілері «Мөлдір бұлақ – Науырзымның табиғи мұрасы» жобасымен грант жеңіп алды.

Жастармен жұмыстың тағы бір маңызды бағыты – құқықтық сауаттылықты арттыру. Әсіресе, үлкен өмірге қадам басқалы тұрған мектеп түлектеріне дұрыс бағыт көрсетуге мән берілген. Оларға жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек құқықтары мен алаяқтықтан сақтану жолдары түсіндіріледі.

Орталықта жастардың бас қосып, ой бөлісуіне де жағдай жасалған. Коворкинг алаңында түрлі ойындар мен тренингтер ұйымдастырылып, жастардың жаңа идеяларымен бөлісуіне мүмкіндік жасалған. Мұндай кездесулер олардың шығармашылығын шыңдап, қоғамдық бастамаларға деген қызығушылығын арттырады.

Осылайша, орталық жастардың басын қосып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашып отыр. Басты мақсат – бастамашыл, жауапкершілігі жоғары, ел болашағына бейжай қарамайтын жас буынды қалыптастыру. 


Бөлісу