Өндірісі өркендеп, әлеуеті әлденген ауыл
Ұзынкөл ауданында экономиканы дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым салаларына инвестиция тартылуда. Бүгінде нендей өзгерістер бар және олардың аудан дамуына қосар үлесі қандай?
Ұзынкөл ауданында жаңа кәсіпорындар ашылып, ауыл экономикасы дамып келеді. Бұл жаңа жұмыс орындарын құрып, инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Соның бірі – Троебрат ауылы. Мұнда металл конструкцияларын шығаратын зауыт, астық сақтау кешені және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындары жұмыс істейді.
Өндірісті дамыту үшін жұмысшыларға да қолайлы жағдай қажет. Осы мақсатта кәсіпорын жанынан шамамен 30 адамға арналған қонақ үй салынған. Мұнда жұмысшылар және іссапармен келген мамандар тегін тұрып, тамақтана алады.
Ауылдағы тағы бір кәсіпорын – құрама жем өндіретін зауыт. 2025 жылы іске қосылған. Айына 7 мың тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Дайын өнім ішкі нарыққа және шетелге жөнелтіледі. Өндіріс көлемінің артуына байланысты шикізатты сақтауға арналған арнайы полимерлі жеңдер де қолданылады. Бұл қосымша сақтау орнын қамтамасыз етеді.
Экономикамен қатар, ауылдың әлеуметтік саласы да дамып келеді. Биыл елді мекенде жаңа мәдени-демалыс орталығы ашылды. Аумағы 842 шаршы метр болатын нысанда шығармашылық үйірмелер мен спорттық сабақтарға арналған бөлмелер қарастырылған.
Орталықтың құрылысы мен абаттандыру жұмыстарына 448 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ал ғимаратты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге және аумағын абаттандыруға «Қазақстан халқына» қоры қолдау көрсетті. Қазір мұнда домбыра, вокал және би үйірмелері жұмыс істейді. Бұл балалардың қабілетін шыңдап, ересектердің ауылдың мәдени өміріне белсенді араласуына жол ашады.
Білім беру саласында да жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы Троебрат мектебіндегі химия кабинеті жаңа жиһаздармен, интерактивті тақтамен және зертханалық құралдармен жабдықталды. Енді оқушылар теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдай алады.
Ауылда спортты дамытуға да көңіл бөлінген. Биыл балалар мен жастарға арналған кедергілермен жүгіру жолағы салынды. Мұнда олар күш-қуатын сынап, ептілігі мен төзімділігін шыңдай алады. Бұл жас ұрпақтың белсенді өмір салтын ұстануына және бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.