Негізгі Жаңалықтар Қоқыс сұрыптау мәдениеті қашан қалыптасады?

Қоқыс сұрыптау мәдениеті қашан қалыптасады?

Қостанайда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жұмысы әлі де жолға қойылмаған. Мамандардың айтуынша, арнайы контейнерлер орнатылғанмен, тұрғындардың дені қоқысты тиісті орынына сұрыптамастан төгеді. Соның салдарынан қайта өңдеуге жарамды қалдықтар бірден полигондарға жөнелтіліп кетіп жатады.

Қалада пластик, қағаз және өзге де қайта өңдеуге жарамды қалдықтарға арналған арнайы контейнерлер орнатылған. Алайда әзірге олардың пайдасы ойдағыдай болмай отыр. Өйткені тұрғындар арасында қоқысты сұрыптау мәдениеті әлі де толық қалыптаса қоймаған. Соның салдарынан коммуналдық қызмет мамандарына контейнерлерге бейберекет тасталған қалдықтарды қайта сұрыптауға тура келеді. Бұл, әрине, қосымша уақыт пен еңбекті талап етеді.

Мамандардың сөзінше, қалдықтарды қайта өңдеудің алғашқы қадамы – оларды дұрыс сұрыптау. Ол үшін әрбір тұрғын қоқысты үйден шығар алдында түріне қарай бөліп жинауы қажет. Сонда ғана қайта өңдеуге жарамды шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік туады. 


Ал қостанайлықтардың өздері қоқысты сұрыптауға қаншалықты мән береді? Бұл сауалды қала тұрғындарына қойып көрдік. 

Бүгінде тұрмыстық қалдықтардың тек 15 пайызы ғана қайта өңдеуге жіберіледі. Мамандар бұл бағыттағы көрсеткіштің жыл сайын өсіп келе жатқанын айтады. Дегенмен қалдықтарды кәдеге жарату үшін тұрғындардың да жауапкершілігі маңызды. Сондықтан мамандар қостанайлықтарды қоқысты тастамас бұрын сұрыптап, пластик, қағаз және өзге де қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды бөлек жинауға шақырады. 


Бөлісу