Білім мен тәжірибе тоғысқан колледж
Өңірдегі білім беру ұйымдары заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып келеді. Солардың бірі – Әулиекөл аудандық ауыл шаруашылығы колледжі. Бүгінде алты мамандық бойынша білім беретін оқу орны «Жас маман» бағдарламасы аясында материалдық-техникалық базасын толық жаңартқан. Нәтижесінде студенттер заманауи жабдықталған шеберханалар мен зертханаларда тәжірибелік білімдерін шыңдап, болашақ мамандықтарын жетік меңгеруге мүмкіндік алып отыр.
Бірінші курс студенті Алдияр Ұлыжбаев темір-терсек тілін жетік меңгерген. Ауыл шаруашылығы техникаларының қозғалтқышын жөндеп, егін себетін тіркемелердің жұмысын реттей алады. Кәсіби дағдыларын колледж шеберханасындағы заманауи тренажерлерде шыңдап жүр. Жуырда Жамбыл облысында өткен «Агро лига – 2026» республикалық байқауында топ жарып, үздік атанды.
Колледждің материалдық-техникалық базасы жақсы жабдықталған. Мұнда трактор паркі мен заманауи John Deere техникалары бар. Алдағы уақытта студенттердің тәжірибесін арттыру үшін арнайы жер телімі дайындалып, онда өздері егін егіп, жер өңдеу жұмыстарын меңгермек.
2021 жылы колледж «Жас маман» бағдарламасы аясында 300 миллион теңгеден астам қаражатқа алты оқу-өндірістік шеберханасын заманауи жабдықтармен қамтыған. Соның бірі – электромонтаждау шеберханасы. Мұнда студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, кәсіби дағдыларын жетілдіреді.
Колледждің аспаз мамандығында оқитын Маргарита Громовенко WorldSkills байқауында бірінші орын иеленген. Ол жарысқа тыңғылықты дайындалып, кәсіби шеберлігін танытты. Байқау барысында кофе әзірлеп, түрлі тағам дайындау қабілетін көрсетті.
Дәнекерлеуші мамандығында оқитын студенттер үшін де тәжірибелік сабақтарды өткізуге барлық жағдай жасалған. Шеберхана заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Соның бірі – виртуалды дәнекерлеу тренажері. Арнайы компьютер мен VR көзілдірігі арқылы студенттер дәнекерлеу процесін қауіпсіз ортада меңгереді. Жүйе жұмыстағы қателерді анықтап, оларды түзетуге жағдай жасайды. Сонымен қатар, оқу барысында материалдық шығынды азайтып, болашақ мамандардың тәжірибесін арттыруға септігін тигізеді.
Мұнда құрылысшы мамандар да даярланады. Студенттер кірпіш қалау әдістерін меңгеріп қоймай, күрделі құрылыс элементтерін құрастыруды үйренеді. Осылайша, теориялық білімдерін тәжірибемен шеберліктерін шыңдап жүр.
Әулиекөл ауданындағы ауыл шаруашылығы колледжі 6 мамандық бойынша кадр даярлайды. Қазір мұнда 360-тан астам студент білім алып жүр. Колледж ауыл шаруашылығы саласы мамандарын әзірлеуге ерекше көңіл бөледі.