Негізгі Жаңалықтар Биыл өңірге 203 қандас қоныс аударды

Биыл өңірге 203 қандас қоныс аударды

Биыл Қостанай облысына 63 отбасы қоныс аударды. Ал соңғы үш жылда өңірге көшіп келген қандастардың жалпы саны 868 адамға жетті. Қоныс аударған отбасыларға мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі? Олардың баспана және жұмыспен қамту мәселелері қалай шешілуде? Тілшіміз Аружан Анисова анықтап көрді. 
Өзбекстаннан Рудный қаласына қоныс аударып келгендердің бірі – Нұрайша Мұратова. 35 жылдық еңбек өтілі бар маман №4 мектеп-лицейінде жұмыс істейді. «Мектеп бағдарламасындағы өзгешелікке қарамастан, жаңа жүйені тез меңгеріп алдым», – дейді ол.
Бір отбасының жаңа ортаға сәтті бейімделуі – өңірде жүргізіліп жатқан көші-қон саясатының нақты нәтижелерінің бірі. Қандастарды қабылдау, оларды жұмыспен қамту және әлеуметтік тұрғыдан қолдау жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл бағыттағы негізгі тетіктердің бірі – өңірлік квота.
Ал жаңа өңірге көшіп келген азаматтарға алғашқы уақытта баспана мәселесін шешу оңай бола бермейді. Осы ретте Қостанай қаласында қандастар мен қоныс аударушыларға арналған Бейімдеу және интеграциялау орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға кеңес беріліп, құжат рәсімдеу, жұмысқа орналасу және жаңа ортаға бейімделу бойынша көмек көрсетіледі. Сондай-ақ орталық жанынан уақытша тұруға арналған орын да қарастырылған.
Қоныс аударған әр отбасы үшін ең бастысы – жаңа жерде тұрақтап, өз орнын табу. Ал мемлекеттік қолдау шаралары осы жолда үлкен көмек. Қостанай облысында қандастарды қабылдау, жұмыспен қамту және бейімдеу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. 


Бөлісу