Негізгі Жаңалықтар Өнер мектебі – таланттар ордасы

Өнер мектебі – таланттар ордасы

Балаларға мектептен тыс білім берудің бір бағыты – шығармашылық қабілетін дамыту. Осы ретте Әулиекөл ауданында 730-ға жуық оқушы өнер мектебінде білім алады. Олар музыка, хореография, бейнелеу және театр өнерін меңгеріп жүр. Оқу бағдарламасынан тыс, балалардың шығармашылық үйірмелеріне қатысып, сахнада өнер көрсетуге мүмкіндік бар. Бұл мекеме жарты ғасырдан астам уақыттан бері жас өнерпаздарды тәрбиелеп келеді.

Қоңыр домбыраны күмбірлете күй ойнап отырғандар: 2 және 4-сынып оқушылары. Жас өнерпаздар қазір оркестр құрамында өнер көрсетуге дайындалып жатыр. Өнер мектебі ұлттық аспаптар бөлімінде домбырамен қатар өзге де дәстүрлі саз аспаптарын меңгеруге жол ашады.  

Ал бұл – хореография сабағы. Бүгінде бұл бағытта 190-ға жуық оқушы би өнерінің қыр-сырын меңгеріп жүр. Олар классикалық және халық билерімен қатар, тұрмыстық би үлгілерін үйреніп, қойылымдар сахналау мен олардың тарихын зерттейді.

Өнер мектебінде бейнелеу өнеріне де айрықша көңіл бөлінеді. Оқушылар сурет салудың қыр-сырын меңгеріп, натюрморт жанрын терең зерттейді. Қылқаламды серік еткен жас суретшілердің арманы асқақ.

Өнер мектебінде бірнеше шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың қатарында «Қазына» фольклорлық ансамблі, қазақтың ұлттық аспаптар оркестрі, «Услада» вокалдық тобы мен «Гармония» хоры бар. Өнерпаздар аудандық және облыстық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, мектептің шығармашылық әлеуетін танытып келеді.

Балалар театр өнерін де меңгереді. Тәлімгерлер актерлік шеберлікке баулып, сахналық қойылымдарға дайындайды. «Метаморфоза» және «Болашақ» театр ұжымдары түрлі байқауларға қатысып жүр. Жалпы, мектепте 40-тан астам педагог еңбек етеді.

1972 жылы құрылған өнер мектебінің тарихы жарты ғасырдан асады. Осы жылдар аралығында мұнда талай шәкірт тәрбиеленді. Түлектердің бірқатары бүгінде өздері ұстаздық етіп, кейінгі буынға өнер үйретіп жүр. Осылайша, білім ордасында қалыптасқан шығармашылық дәстүр жалғасын тауып келеді.


Бөлісу