Кітап оқудан оза шапқандар марапатталды
Қостанайда тағылымы мол танымдық сайыс өтті. Облыстық «Аймағанбет қажы Спанұлы» мешітінің он жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған кітап оқу жарысының жеңімпаздары марапатталды. Қатысушылар Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының «Ислам және адал қоғам» атты кітабы бойынша сайысқа түскен. Отызға жуық қатысушының ішінен оза шыққан бірнеше оқырманға мадақтама және ақшалай сыйлық табысталды.
Марапаттау рәсімі басталмас бұрын наиб мүфти Кенжетай қажы Байкемелұлының, облыстағы қала және аудан имамдарының, сондай-ақ мешіт жамағаттарының қатысуымен мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында өткен басқосуда кітапта көтерілген адал қоғам құндылықтары кеңінен талқыланды.
Жарыс сұрақ-жауап форматында өткен. Қатысушыларға «Ислам және адал қоғам» кітабындағы бес бөлім бойынша жиырма бес тақырыпты қамтитын сұрақтар қойылған. Сайыскерлер кітаптың мазмұнын қаншалықты меңгергендерін көрсетіп, діни танымы мен білім деңгейін сынға салды.
Білім сайысының қорытындысы бойынша, Арқалық қаласынан келген Оразхан Зейнолла үздік атанып, бірінші орынды иеленді. Осылайша, ол республикалық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаздың айтуынша, мұндай білім додаларының мәні зор. Өйткені ол кітап оқуға ынталандырып, діни сауатты арттырып, рухани ізденіске жол ашады.
Сондай-ақ білім додасында әріптесіміз, «Qostanai» телеарнасының редакторы Бейбіт Нұрмұханов та үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі орынға ие болды. Бұл іс-шара оған білімін тексеріп, рухани ізденісін толықтыруға мүмкіндік берген.
Мемлекет басшысының «Оқитын ұлт» бастамасы аясында өткен бұл іс-шара кітап оқуға деген қызығушылықты арттырып, қоғамның рухани әлеуетін нығайтуға бағытталған. Осындай танымдық жобалар арқылы оқырманның білім көкжиегі кеңейіп, кітаптағы ізгілік пен адамгершілік құндылықтары кеңінен насихатталары анық.