Негізгі Жаңалықтар Мінсіз маман – мықты ұстаздан

Мінсіз маман – мықты ұстаздан

Қостанайда көлік саласы бойынша техникалық және кәсіптік коллледж педагогтерінің республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Бұл додаға еліміздің 15 өңірінен 15 педагог қатысты. Бүгінде еңбек нарығы теориялық біліммен қатар, тәжірибелік дағдыларды меңгерген мамандарды талап етеді. Ал ондай кадрды даярлау, ең алдымен, ұстаздың кәсіби біліктілігіне байланысты.

Қатысушылар қатарында Темірлан Дүйсенбеков те бар. Ол облысымызға Жамбыл өңірінен келген. Білім беру саласында он жылдан астам еңбек етіп жүрген маман Қостанай қаласына осымен екінші рет табан тіреп отыр.

Байқау тек кәсіби бәсекемен шектелмейді. Қатысушылар үшін бұл – өзге өңірлерден келген әріптестерімен танысып, тәжірибе бөлісетін орта. Ал мұндай кездесулердің мазмұнды өтуі үшін ұйымдастырушылар жарыс бағдарламасымен қатар, арнайы мәдени-танымдық іс-шараларға да мән берген.

Байқаудың ерекшелігі – педагогтердің кәсіби деңгейін бірнеше бағыт бойынша саралау. Мұндай іріктеу үздік мамандарды анықтап, өңірлердегі білім беру тәжірибесінің деңгейін салыстыруға да жол ашады. Ал қатысушылардың дайындығын бағалауда сарапшылардың пікірі маңызды.

Көлік саласында технология жаңарған сайын, мамандарға қойылатын талап та күшейе түседі. Сондықтан педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыру, заманауи оқыту әдістерін енгізу және өндіріс сұранысына бейімделу – кәсіптік білім берудің басым бағыттарының бірі.


Бөлісу